«Жасыл ел»: екі айдың қорытындысы
Теміртауда жастардың «Жасыл ел» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр — ондаған сарбаз көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына қатысуда.
Мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасы аясында биыл көгалдандыру және абаттандыру бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда. Екі ай ішінде еңбек жасақтарының сарбаздары ауқымды шаруаларды орындап үлгерді: қалалық аумақтар ретке келтіріліп, сенбіліктер ұйымдастырылды, саябақтар мен аллеялар тазартылып, ағаштар отырғызылды. Аппараттық жиналыста ұсынылған мәліметтерге сәйкес, жобаға туған өлкенің экологиялық және әлеуметтік дамуына үлес қосуға ниетті ондаған жас қатысып жатыр.
Гүлмира Олжабаева, «Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы: «Мамыр айында бірінші еңбек маусымы басталды. Оның аясында әлеуметтік осал саладағы азаматтар қатарынан және оқу орындарынан берілген тізімдер бойынша 43 сарбаз жұмысқа қабылданды. Бір ай ішінде сарбаздар 25 мекенжай бойынша жұмыс атқарды. 3485 қап қоқыс жиналды. Маусым айында 330 сарбаздан құралған 17 жасақ жұмыс жасауда. Қазіргі таңда жасақтар өз жұмыстарын қаланың орталық және аулааралық көшелерінде өткізуде».
Жастар халық арасында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, жоғары бастамашылдық танытуда. Қала әкімі Ғалым Ашимов аппараттық кеңесте «Жасыл ел» сарбаздарының барлығын арнайы киіммен қамтамасыз етуді тапсырды. Қала басшысы бұл ұйымдастырушылық мәселені қысқа мерзімде шешуді міндеттеді.