Шығындардың бір бөлігі қайтарылады
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Теміртау қаласы «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасына қосылды. Бағдарлама микро және шағын бизнес субъектілерінен фискалдық чектерді талап етуге ынталандыру мақсатында әзірленген. Жоба Мемлекеттік кірістер комитетімен жүзеге асырылуда және Қазақстанның бірнеше өңірінде қолданыста.
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Теміртау қаласы «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасына ресми түрде қосылды. Бағдарламаның бастамашысы – Мемлекеттік кірістер комитеті. Жобаның мақсаты – тұтынушыларды микро және шағын бизнес өкілдерінен фискалдық чек талап етуге ынталандыру. Бағдарламаға ірі сауда желілері, мысалы, супермаркеттер қатыспайды. Жоба кезең-кезеңімен іске қосылды: 2025 жылғы 15 наурызда басталып, 15 сәуірде екінші кезеңі, 15 мамырда үшінші кезеңі жүзеге асты. Жыл соңына дейін Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жаңа аудандары жобамен қамтылатын болады.
Ерлан Сартаев, Теміртау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: ««Salyq кэшбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. сол үшін қажет: тауар немесе қызмет үшін тқлем жасағанда фиксалды чек алу қажет; чектегі штрих-кодты «Amian» мобильді қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алу сомасының 2% мөлшерінде кешбэк алу. Алынған қаражатты банктік картаға аударуға немесе мобильді телефон балансына жіберуге болады».
Бір чек үшін ең көп кэшбэк – 500 теңге. Алайда Қарағанды қаласында бұл шектеу қолданылмайды. Ай сайынғы шекті сома – 20 000 теңге. Чек берілген уақыттан бастап 24 сағат ішінде ғана сканерлеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, шектеулер бар: күніне – 3 чекке дейін, айына – 70 чекке дейін, айлық чек сомасы – 1 000 000 теңгеден аспауы тиіс. Ең төменгі чек сомасы – 1 теңге. Мемлекеттік кірістер комитеті чекті талап ету – тек кэшбэк алу ғана емес, сонымен қатар тұтынушы құқығын қорғаудың кепілі екенін ескертеді. Жобаға қатысу ерікті және тегін.