Теміртаудағы қоғамдық көлік
Қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жағдай қалай өрбуде және Теміртаудағы тасымалдаушылар қандай қиындықтарға тап болуда – келесі сюжетімізде.
Қоғамдық көлікке арналған брифингте тасымалдаушы компаниялар алаңдаушылық білдірді. Жолаушылардың барлығы бірдей «Онай» картасы арқылы сапарын тіркемейді. Бұл тасымалдаушыларға төленетін өтемақы көлемінің азаюына және қаржылық шығындарға алып келеді.
Арғынғазы Қуанышев, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Билетсіз жол жүру – бұл жай ғана ереже бұзу емес. Біз полициямен бірлесе рейдтер өткізетін боламыз. Айыппұл мөлшері – 2 АЕК. Тіпті жол жүру ақысыз болған жағдайда да сапар тіркелуі тиіс. Тек осы жолмен ғана тасымалдаушы мемлекеттен өтемақы алады».
Егер сізде жеңілдікпен жүру құқығы болса, бұл «Онай» картасын қолданудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді.
Дмитрий Ким, «Транспортный холдинг г. Алматы» ЖШС Қарағанды облысы бойынша өкілі: «2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 7–18 жас аралығындағы балаларға жеңілдікпен жол жүру құқығы берілді. Алайда кейбір жолаушылар бұл жол жүру мүлдем тегін деп ойлап, сапарды тіркемей жібереді. Бұл да ереже бұзушылық, әрі билетсіз жол жүрумен тең».
Теміртауда жолаушылар тасымалы 28 әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша ұйымдастырылған. Бес негізгі тасымалдаушы жұмыс істейді. Күн сайын желіге орта есеппен 135–138 автобус шығады.
Айгүл Әліпбекова, «Қала көлік» ЖШС өкілі: «Шілде-тамыз айларында 23 жаңа автобустың келуін күтіп отырмыз, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз».
Михаил Свиридов, «Стэка» ӨК төрағасы: «2025–2026 жылдарға автопаркті жаңарту жоспарда бар, Youtong маркалы 6 автобус алу көзделуде. Жобаны өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырамыз. Шағым жоқ, штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз».
Қалалық автобустарда жолақы «Онай» картасымен төлеу кезінде – 100 теңге, қолма-қол төлеу – 200 теңге. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жол жүру тегін, бірақ сапарды міндетті түрде тіркеу қажет. Көктем-жаз мезгілінде саяжай бағыттары іске қосылды – бұл бағыттарда 3 тасымалдаушы, ал қала маңында тағы 4 тасымалдаушы жұмыс істейді. Барлық тасымалдаушылар белгіленген кесте мен санитарлық талаптарды сақтауы тиіс, бұл талаптардың орындалуын ТҮКШ бөлімі бақылайды.