Салынбаған тұрғын үйге ипотека ресімдеуге тыйым салынады
Жаңа тұрғын үй сатып алушылар енді құрылыс толық аяқталғанға дейін ипотека рәсімдей алмайды. Сенат мақұлдаған жаңа заң жобасы құрылыс салушылар мен банктер үшін қатаң шектеулер енгізіп, азаматтардың қаражатын қорғауды көздейді.
Сенат алғашқы оқылымда үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжаттағы басты өзгерістердің бірі – құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйге ипотекалық несие беруге тыйым салу. Бұл банктер енді әлі пайдалануға берілмеген пәтерлерді сатып алуға несие бере алмайды дегенді білдіреді.
Бұл шара азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Бұған дейін адамдар құрылысы тоқтап қалған немесе мүлдем аяқталмаған үйлерге ипотека рәсімдей алатын.
Шектеу шараларынан бөлек, заң жобасында ынталандыру нормалары да қарастырылған. Мәселен, құрылыс салушыларға әкімдіктен құрылысқа рұқсат алғаннан кейін үлескерлердің қаражатын пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, құрылыс салушының меншікті капиталына қойылатын талап 15%-дан 10%-ға дейін төмендетіледі.
Сонымен қатар, үлескерлердің қаражатын инвестициялаудан бұрын жобалардың заңдылығын тексеруге көмектесетін Үлескерлерді қолдау орталығын құру ұсынылып отыр.