Ақ халатты абзал жандарға — алғыс пен құрмет


Теміртаудағы үздік медицина қызметкерлері марапатталды. Салтанатты шара Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Мамандығына адалдығы, жоғары жетістіктері мен көп жылғы еңбегі үшін мамандарға қала әкімі мен кәсіподақ атынан алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді.

Залда – дәрігерлер, медбикелер мен қалалық медицинаның өз ісіне жан-тәнімен берілген қызметкерлері. Олардың кәсібилігі мен жанкештілігі күн сайын адам өмірін сақтап қалуға көмектесіп жүр. Теміртауда бұл марапат 15-рет табысталып отыр. Қала әкімінің сыйлығы – денсаулық сақтау саласындағы үздіктерді марапаттауға арналған ерекше жоба.

Татьяна Сахновская, «AQNIET» кәсіподағы филиалы төрағасының орынбасары: «Теміртаудағы әкім сыйлығы алғаш рет 2011 жылы бекітілді. Содан бері біз жыл сайын өз саласының үздіктерін марапаттаймыз. Біз жеті маманды марапаттадық. Сонымен қатар, бұл марапат медицина саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, өз білімін жас мамандарға беріп жүрген ардагерлерге де табысталды».

Марапат иелерінің қатарында медицина жолын ондаған жыл бұрын таңдаған жандар да бар. Олар үшін бұл тек жұмыс емес, өмірлік жол.

Анна Салянова, Теміртаудың көпбейінді ауруханасы, сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі: «Мұндай жоғары марапатты алу мен үшін күтпеген жайт болды. Қалалық әкімдікке, сондай-ақ менің сүйікті ауруханама алғысым шексіз. Мен бұл салада көп жылдан бері қызмет етіп келемін. Алдымен 20 жыл бойы жансақтау бөлімінде жұмыс істеп, адам өмірін құтқардым. Кейіннен ультрадыбыстық диагностика саласына ауыстым. Бұл менің кәсібім ғана емес — бұл менің өмірім».

Алғыс хаттар мен жылы лебіздер — бәрі де дәрігер еңбегінің қадірленетінін көрсетеді. Әсіресе, бұл еңбек жүректен шықса — нағыз құндылық сонда.