Алты қыздың ардақтысы


Учаскелік инспектордан — ұстазға, тәлімгерден — қыздарына үлгі болған әке. Әке күніне орай біз сізге отбасын өміріндегі ең үлкен марапат деп білетін ер азамат туралы әсерлі оқиғаны ұсынамыз.

Ол бар өмірін қызметке арнады. Жолдан тайғанға — тірек, бағыт іздегенге — бағытшы болды. Ал зейнетке шыққан соң, ұстаздық жолды жалғастырды. Бірақ оның басты мектебі — отбасы болатын.

Нұрлат Бакиров, көпбалалы әке: «Менің аты-жөнім Бакиров Нұрлат Манатұлы. Мен 46 жастамын. Қазір отбасымызбен Теміртау қаласында тұрамыз. Алты қызым бар».

Нұрлат Бакиров Қарағанды облысында дүниеге келген. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастады. Уақыт өте келе учаскелік инспектор, кейін учаскелік қызмет басшысы болды. Көбіне жасөспірімдермен, оның ішінде қиын балалармен жұмыс істеді. Жазалау емес, сенім мен әңгіме арқылы тәрбие беруді басты құрал етті.

Айгерім Бакирова, жұбайы: «Мен жұбайым туралы айтсам, ақкөңіл кісі. Мейірімді. Қыздарының ешқашан бетінен қақпайды. Қыздарымыздың сабағына да, барлық жеріне жүгіретін – осы кісі. Өзіміз мақтан тұтамыз бұл кісіні».

Зейнетке шыққан соң да Нұрлат Теміртаудағы мектептердің бірінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол қазіргі жасөспірімдерге әскери істің негізін, азаматтық жауапкершілік пен патриоттықты үйретіп жүр.

Нұрлат Бакиров, көпбалалы әке: «Өзім негізі балаларды жақсы көремін. Бұрыннан балажанмын. Мектепте де, үйде де балалармен ойнап, көңілді жүргенді жақсы көремін. Мектепте де солай. Балаларға ешқашан қатты ұрыспаймын. Күліп, ойнап сабақтарды өткіземін».

Жұбайы Айгеріммен де ол қызмет барысында танысқан. Бірге жұмыс істеу — үлкен махаббаттың бастамасына айналды. Олар алты баланы ғана емес, өзара сүйіспеншілік пен құрметке толы бір әлемді бірге өсіріп келеді. Бұл отбасында әр бала өзін маңызды әрі керек сезінеді.

Айару Бакирова, қызы: «Қыдырамыз, қонақтарға бірге барамыз. Машинамен кафеге барамыз. Бізді мектепке апарып тастайды сосын».

Аймерей Бакирова, қызы:«Менің папам өте күшті. Бізді қатты жақсы көреді. Бассейнге апарады, кафелерге апарады».

«Біз папамызды жақсы көреміз».

Бүгінде Нұрлат — алты қыздың мақтан тұтар әкесі. Үлкені Айару ән салып, өлең оқиды, ағылшын тілі мен өнерге арналған үйірмелерге қатысады. Аймерей — би мен сурет салуға құмар. Алтынай — шығармашылық жолды жалғастырып, студияға барып, би билейді. Кішілері — Айала, Айлана және Айкүміс те өмірге қызығушылықпен қарап өсіп келеді.

Нұрлат Бакиров, көпбалалы әке: «Тағдырдың берген сыйы шығар, бірақ ойымда болған негізі. Айгеріммен кездесіп жүрген кезімізде айтатын едім: “Жеті баламыз болуы керек негізі” деп. Негізі ойнап айтатын едім, бірақ Алланың қалауы осы болар».

Әке күні — мәртебе де, шен де емес, нағыз күш — сүйе білуде, қасыңда болуда, тәрбие беруде екенін еске салатын күн. Нұрлат Бакиров — отбасыға деген махаббат өмірінің басты мәніне айналған жанның жарқын үлгісі.