Теміртауда құтқарушылар ата-аналар мен балаларға арналған акцияны бастады


Жаз – балалардың жиі қараусыз қалатын уақыты. Ал пәтердегі ашық терезе – нағыз қауіп көзіне айналуы мүмкін. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін Теміртауда «Қауіпсіз терезе» атты акция басталды.

Владислав Карушулаков, Теміртау қаласының ТЖБ басшысының орынбасары: «16 мен 20 маусым аралығында Теміртау қаласының және Ақтау кентінің аумағында «Қауіпсіз терезе» облыстық акциясы аясында балалардың терезеден құлауын болдырмауға бағытталған ауқымды алдын алу шаралары өтеді».

Акция аясында құтқарушылар балалармен тақырыптық сабақтар өткізеді. ТЖБ қызметкерлері бүлдіршіндерге терезе алдына шығудың қаншалықты қауіпті екенін және терезені ашқысы келген жағдайда ересектерге міндетті түрде айту қажеттігін қарапайым тілмен түсіндіреді.

Сондай-ақ қалада ата-аналарға арналған брифинг өтеді. Онда мамандар терезеге орнатуға болатын арнайы бекіткіштер, олардың қалай жұмыс істейтіні және пәтерді қауіпсіз ету үшін не істеу қажет екенін айтып береді.

Құтқарушылар ескертеді: жаз мезгілінде қауіп деңгейі артады. Сондықтан дәл осы уақытта балаларды қараусыз қалдырмау – өте маңызды.