Қалалық бақылау
Теміртауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған кезекті штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде — алдағы жылыту маусымына дайындық, ыстық судың берілуі, толып жатқан кәріз құдықтары, су жүйесіндегі ақаулар мен көпқабатты үйлердің техникалық жағдайы. Коммуналдық қызметтерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Әкімдікте коммуналдық мекемелермен бірлескен жиын өтті. Кездесу барысында жылыту маусымына дайындық, ыстық судың берілуі және тұрғындардың өтініш-шағымдары қаралды. Соңғы аптада тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша акиматқа көптеген шағымдар түскен.
Басты жылу магистралдары толтырылған. Қазір ішкі жүйелерге су құю жұмыстары жүргізілуде. Су сынамалары тексеріске жіберілді. Оң қорытынды шыққаннан кейін, ыстық су кезең-кезеңімен беріле бастайды. Кәріз жүйесіне қатысты да көптеген шағым түскен. Кейбір аудандарда тұрғындар құдықтардың толып кетуі мен кері ағым туралы хабарлаған.
Аягоз Смагулова, «АКВА-Трейдинг» ЖШС директоры: «Қазір Республика 91, 93, 95 мекенжайлары бойынша мәселені анықтап жатырмыз. Бұл үйлерден кәріз суы орталық коллекторға жетпей тұр, сол себепті әрі қарай да ағып кетпей жатыр. Қазір айналма жүйе жасап көрмекпіз. Құдықтар сорылып алынды, енді орталық коллектор іске қосылғаннан кейін жертөлелердің жай-күйін нақтылап қараймыз».
Көптеген шағымдар Оң жағалаудан келіп түскен. Тұрғындар судың кері ағуы мен қысымның төмендігін айтып отыр. «АКВА-Трейдинг» басшылығы кейбір учаскелерде жаңа желіге жедел қосылу қажеттігін мәлімдеді.
Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Жаңа желі салынды, мемлекет қаржы бөлді, бәрі дайын. Бірақ тұрғындар ескі желіде қалып отыр. Ал ол ертең-ақ мәселе тудыратынын бәріміз білеміз. Жаңа желіге көшу керек».
Қала әкімі коммуналдық қызметтер мен мердігерлерге жұмысты күшейтіп, тұрғындардың шағымдарына ерекше мән беруді тапсырды.
Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Жұмысты жүргізу керек, қол қусырып отыруға болмайды. Қысқа дайындалуымыз қажет. Қысқа дейін барлық үй толық дайын болуы тиіс».
Газ желілеріне техникалық қызмет көрсетуге төлем жасау да назардан тыс қалмады. «Gaz Inpex» өкілі 500 теңге көлеміндегі айлық төлем заңмен бекітілгенін түсіндірді.
Артём Семенченко, «Gaz Inpex» ЖШС директоры: «Бізбен тұрақты келісімшарты бар азаматтарға кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайынбыз. Авариялық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Егер келісімшарт болмаса, біз қызмет көрсете алмаймыз. Ал келісімсіз газды қолдану да мүмкін емес».
Көпқабатты үйлерде су өшіру жағдайлары да сөз болды. Кейбір жертөлелерде өз бетінше қойылған крандар мен пломбалар анықталған. ТҮКШ басқармасына мұндай нысандарды жүйелі түрде тексеріп, олардың құқықтық мәртебесін нақтылау тапсырылды. Қала әкімі барлық дайындық жұмыстары уақытында аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Коммуналдық қызметтер тек ақауларды жойып қана қоймай, тұрғындармен ашық әрі түсінікті байланыс орнатуы керек.