Түлектерге арналған маскарадтық кеш
Биыл Қарағанды индустриялық университетінде ректор балы тағы да жоғары деңгейде өтті. Ерекше форматтағы кеш – маскарад ретінде ұйымдастырылып, түлектер мен оқытушылар, құрметті қонақтар бас қосты. Кештің көріністері мен сиқырлы атмосферасы көптің есінде қалды.
Ректор балы – университеттің үздік студенттеріне арналған нағыз мерекеге айналды. Биылғы кеш маскарад үлгісінде өтті: сәнді киімдер, жұмбақ бетперделер, жанды музыка мен ерекше безендірілген кеңістік – барлығы да кешке сиқырлы әсер сыйлады.
Бахыт Жаутиков, ҚарИУ ректоры: «Қарағанды индустриялық университетінің есігі сіздерге әрдайым ашық. Бүгінгі күн сіздердің студенттік өмірлеріңіздегі ең жарқын, ең шабытты сәттердің бірі болып жадыңызда қалсын».
Мерекелік шараға оқу озаттары, белсенділер, олимпиада, ғылыми жобалар мен спорт жарыстарының жеңімпаздары қатысты. Сондай-ақ, кештің құрметті қонақтары қатарында оқытушылар мен қала әкімдігінің өкілдері де болды. Олар түлектерге жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Гүлмира Олжабаева, «Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы: «Сіздер университет қабырғасында тек білім алып қана қоймай, жеке тұлға ретінде қалыптастыңыздар. Енді үлкен өмірге жолдама алып отырсыздар. Сіздерге тек жақсылық пен сәттілік тілеймін. Университет қабырғасында алған білімдеріңіз, еңбекқорлық пен табандылықтарыңыз еліміздің кез келген өңірінде өз орныңызды табуға және үлкен жетістіктерге жетуге көмектесетініне сенімдімін».
«Жастар орталығы» мерекеге сай безендіріліп, фотоаймақтар мен креативті декорлар қойылды. Музыкалық және театрландырылған қойылымдар кешті ұмытылмас әсерге бөледі. Бұл бал – жыл сайынғы дәстүр ғана емес, студенттердің жетістіктеріне деген зор құрметтің белгісі.
Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: «Әрине, шын мәнінде өте керемет іс-шара. Дәстүрге айналған. Басқа елдерден көптеген қонақтар келіп жатыр, сондықтан түлектерімізге алдағы уақытта сәттілік тілеймін».
Ректор балы – бұл студенттерге алғыс білдірудің, олардың еңбегі мен білімге ұмтылысын бағалаудың белгісі. Ал түлектер үшін бұл кеш – студенттік жылдарға қош айтып, үлкен өмірге қадам басудың жарқын бастамасы.