Газ желілеріне техникалық қызмет көрсету
Теміртауда көпқабатты үй тұрғындары «газ желісіне техникалық қызмет көрсету үшін неге ай сайын 500 теңге төлеуіміз керек?» деген сұрақ қойып жүр. Қызмет көрсетуші компания өкілдері бұл қосымша төлем емес, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін, мүлкін қорғауға бағытталған шара екенін түсіндіреді.
Теміртауда көпқабатты үйлердің тұрғындары газ желісіне техникалық қызмет көрсеткені үшін 500 теңге төлеудің қажеттілігіне күмәнмен қарайды. Алайда сала мамандары бұл — қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет заңды талап дейді.
Артём Семенченко, «Gaz Inpex» ЖШС директоры: «Газ тұтынатын әр абонент техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауға міндетті. Бұл келісімшарт ҚР Энергетика министрлігі бекіткен үлгілік шарт негізінде жүзеге асырылады. Осы шарт аясында біз техникалық қызмет көрсетеміз».
Мамандардың айтуынша, көптеген тұрғындар келісімшартқа отырмай-ақ газды пайдалана береді, тіпті апаттық қызметті шақырады. Тек мамыр айында осындай 300-ге жуық қоңырау түскен.
Артём Семенченко, «Gaz Inpex» ЖШС директоры: «Бұл жұмыстар үшін бөлек ақы алмаймыз. Бірақ төлем жасап отырған тұрғындар төлем жасамайтындар үшін де жауапкершілік көтеріп отыр. Яғни, техникалық қызметке ақы төлемейтіндер, қарапайым тілмен айтқанда, басқалардың есебінен өмір сүруде. Бұл – заңбұзушылық. Газ туралы заңның 19-бабы бойынша әр абонент қызметке келісімшартпен қосылуы тиіс».
Бүгінде Теміртауда шамамен 2500 абонент газ пайдаланады. Оның жартысынан көбі техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасаған. Компания бұл төлемнің міндетті екенін және ортақ қауіпсіздік үшін қажет екенін айтады.
Артём Семенченко, «Gaz Inpex» ЖШС директоры: «Тағы да тұрғындарға үндеу — бұл сіздің, отбасыңыздың қауіпсіздігі. Техникалық қызмет көрсету тәулік бойы жұмыс істейді. 104 нөміріне хабарласып, кез келген мәселе бойынша өтініш қалдыруға болады. Міндетті түрде жауап береміз».
Қызмет сапасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бақылайды. Барлық жұмыстар кесте бойынша және тұрғындардың өтініші негізінде жүргізіледі.