Жас лидерлер орманда сенбілік өткізді


«Жас көшбасшылар мектебі» жобасына қатысушылар орман алқабында сенбілік ұйымдастырды. Бұл шара бастамашылдық танытып, экологияға үлес қосуға және бейресми жағдайда уақыт өткізуге тамаша мүмкіндік болды.

Жоба қатысушылары қолғап пен қоқыс салатын қаптарын алып, орман аумағын тазартуға кірісті: қоқысты жинап, алаңды ретке келтіріп, құрғақ бұтақтарды жинады. Жас белсенділер нағыз лидер — ең алдымен, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын адам екенін көрсетті.

Дарья Кравченко, жобаның үйлестірушісі: «Бүгін «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы аясында оқушыларды орманға алып келдік. Мақсатымыз – сенбілік өткізіп, табиғатымызды таза ұстауға үлес қосу. Сонымен қатар, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізу. Іс-шараны шағын пикникпен аяқтадық. Белсенді қатысқан оқушыларға тәттілер, ал ең үздіктерге Яндекс станциясы – «Алиса» сыйға тартылды».

Тазалық жұмыстарынан кейін қатысушылар шағын пикник ұйымдастырды: әңгімелесіп, ойындар ойнап, алдағы жобалар жайында пікір алмасты. Мұндай бейресми орта бір-бірін жақсырақ тануға әрі командалық рухты дамытуға сеп болады.

Райхан Мұхамеджан, жоба қатысушысы: «Бүгін бізде сенбілік өтті. Бірге жақсы уақыт өткіздік. Соңында пикник жасап, волейбол ойнадық».

Дильназ Мухамедиянова, жоба қатысушысы: «Бүгін мені марапаттады. Мен өте қуаныштымын. Осындай шараларды келесі аптада асыға күтемін».

«Жас көшбасшылар мектебі» жобасы жасөспірімдерді қоғам өміріне белсенді араласуға шабыттандыруды жалғастыруда. Сенбілік – жастардың қоршаған ортаға бейжай қарамай, оны жақсартуға дайын екенінің тағы бір дәлелі.