Желдің жетегінде
Парус спорты – бұл сұлулық пен салауатты өмір салтын ұштастыратын ерекше бағыт. Теміртауда 1985 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Торнадо» яхт-клубы бар. Оның жетекшісі – спортқа жан-тәнімен берілген Андрей Павлюк. Ол балалар мен ересектерді желкенмен жарысуға тегін баулиды.
«Торнадо» яхт-клубының базасында желкен спорты 1985 жылдан бері дамып келеді. Ол кезде клуб мүшелері өз күштерімен аумақты реттеп, спортпен айналысуға жағдай жасаған. Қазір мұнда 12 бала және 19 ересек адам жаттығады. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, бұл бағытты дамыту жалғасып келеді.
Андрей Павлюк, парус спортының жаттықтырушысы: «Парус спорты – көне спорт түрлерінің бірі. Бұл көркем, қызықты және ең бастысы – денсаулыққа пайдалы спорт. Балалар телефоннан ажырап, табиғатпен жұмыс істеуді, алдын ала ойлауды, жоспар құруды үйренеді. Мұның бәрі өмірде өте қажет дағдылар».
Жуырда клуб мүшелері Қапшағайда өткен Қазақстан чемпионатынан оралды. Қаржы тапшылығына байланысты олар өз яхталарын апара алмаған. Дегенмен, жеңістер қоржыны толықты.
Роман Семчук, яхтсмен: «Бұл жай ғана спорт емес. Мұнда атлетика да, ойлау да, физикалық дайындық та керек. Біз барлық яхталарда жаттығамыз – сондықтан әртүрлі жағдайға бейімделуді үйренеміз».
Таисия Ибрагимова, яхтсмен: «Маған бұл спорт ұнайды. 4 жылдан бері айналысып келем. Балқаштағы регатада 3-орын алдым. Біздің базадағы жарыстарда – 2-орын. 2023 жылы тағы бір жарыста 3-орын алып, кубок, медаль және грамота иелендім».
Андрей Николаевич Павлюк – клуб жетекшісі, бірақ бұл – оның негізгі жұмысы емес. Ол үшін бұл – жан қалауымен айналысатын іс. Қаржылай қолдаудың болмауына қарамастан, ол жас теміртаулықтарға желкен спортының қыр-сырын үйретіп келеді. Ең бастысы – бәрі тегін.
Андрей Павлюк, парус спортының жаттықтырушысы: «Егер бізге кем дегенде жарыстарға яхталарды тасымалдауға көмектессе, нәтижеміз әлдеқайда жақсы болар еді. Өйткені басқа жаққа барғанда бізге ескі қайықтар тиеді. Ал бұл жеңіске жетудің басты жолы деуге болады».
Андрей Николаевич – өз ісіне шынайы берілген жан. Оның арқасында парус спорты Теміртауда дамып келеді.
Андрей Павлюк, парус спортының жаттықтырушысы: «Бұл – қозғалысты үйлестіру, алдағыны болжау, жоспарлау қабілеті. Жарыс – басталмай тұрып-ақ жоспарлаудан тұрады. Табиғатты бақылау, онымен тіл табысу – осының бәрін балалар осында үйренеді».
Егер балаңыз табиғатты сезінуді, желді бағындыруды қаласа – +7 701 452 66 55 нөміріне хабарласып, қатыса алады. Балалар 11 жастан бастап қабылданады.