Каникулды тиімді өткізуде
Теміртауда «Арман дала» қалалық жазғы лагерінің бірінші ауысымы басталды. Биыл лагерь екі алаңда — Мәдениет сарайы мен «Жастар» орталығында өтуде. Бағдарлама балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге бағытталған.
Теміртауда жазғы лагерьдің алғашқы ауысымы басталды. 16 мен 27 маусым аралығында оған 40 бала қатысуда, олардың арасында Теміртау қалалық Отбасы орталығының тәрбиеленушілері де бар. Жалпы, жаз бойы төрт ауысым қарастырылған. Әр ауысым түрлі шеберлік сағаттарымен, шығармашылықпен айналысатын сабақтармен, экскурсиялармен және ойындармен мазмұнды өтеді.
Виолетта Куклина, мәдени ұйымдастырушы: «Біз бұл лагерьді тұрақты түрде өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз – балалардың үйде телефонға қарап бос отырмай, жазғы демалысын белсенді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау».
Лагерьдегі әр күн – жаңа ашылымдарға толы. Балалар өз таланттарын байқап, түрлі бағытта бағын сынап, жақсы ортада демалуда.
Жұлдыз Саттыбай, «Арман дала» жазғы лагерінің қатысушысы«Осы лагерьде көп қызықтар бар. Далада ойнаймыз, сосын көп дос табуға болады. Вожатыйлар да жақсы. Осы лагерьге келгеніме қуаныштымын».
Жаздың соңына дейін балаларды тағы үш қызықты ауысым күтуде. «Арман дала» лагері көптеген бала үшін шығармашылықтың, достықтың және жарқын эмоциялардың нағыз мекеніне айналды.