Өңірлерде көрнекі ақпаратқа бақылау күшейтілді


Қарағанды облысында көрнекі ақпарат саласында тіл нормаларының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері өңірдің қала-аудандарын аралап, маңдайшалар, хабарландырулар мен жарнамалардың рәсімделуін тексереді. Тілдік қателіктер анықталған жағдайда, нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, ұсыныстар беріледі.

Теміртау қаласында Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен көшпелі өңірлік семинар-тренинг өтті. Семинардың негізгі мақсаты — көрнекі ақпарат пен реквизиттерді орналастыру кезінде тіл нормаларын сақтау талаптарын түсіндіру. Қатысушыларға ономастика, жарнама, маңдайша жазулары және ақпараттық материалдарды рәсімдеуге қатысты заңнамадағы өзгерістер таныстырылды.

Айнұр Бөгенбай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы: «Облыста бізде айлық жүргізіліп тұрады — тоқсанына бір рет. Олар кәсіпкерлерді, дүкендерді, сауда орындарын, әлеуметтік нысандарды қамтып, сол жерлердегі мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылап отырады. Егер қателіктер кеткен болса, әдістемелік көмек көрсетіледі. Бұл — облысымыздың бүкіл аудандарын қамтыған жұмыс».

Іс-шараға облысқа қарасты қала-аудандардың тіл саясатына жауапты бөлім мамандары қатысты. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары және Теміртаудағы жарнама агенттіктерінің қызметкерлері де болды.

Кәсіпкерлерге көрнекі ақпаратты заң талаптарына сай рәсімдеу міндетті екені ескертілді. Семинар барысында жарнамалық материалдар мен маңдайшаларды дұрыс рәсімдеу бойынша нақты ұсыныстар берілді. Бұл талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Айнұр Бөгенбай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы: «Келесі біздің жоспарымыз — Саран, Абай қалаларында, сонымен қоса Шахтинск қаласында осындай семинар өткізу. Дәл осындай жоба бізде бұған дейін Осакаров ауданында да өтті. Біз әрбір ауданды аралап, көшпелі семинар ретінде әріптестерімізге түсіндіру».

Қатысушылар заңнамадағы жаңа талаптар бойынша түсініктемелер алып, көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мұндай семинарлар құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, қоғамдық кеңістіктегі тілдік ортаны жақсартуға септігін тигізеді.