Оң жағалау қашан көркейеді?
Оң жағалауда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жобалар сапалы әрі уақытында жүзеге асып жатыр ма? Бұл сұрақтың жауабын біздің тілшілер анықтап көрді.
Биыл Оң жағалауда тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында – кәріз жүйелерін жөндеу және скверді абаттандыру жұмыстары бар. Сондай-ақ, көшелерді де ретке келтіру жоспарланған. Жобалардың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Асель Ыдрышканова, мәслихат депутаттары Максим Хохлов пен Алексей Ломакин бақылау сапарына шықты.
Алексей Ломакин, Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы: «Оң жағалауда ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Барлық ірі жобаларда техникалық қадағалау бар. Біз күн сайын тұрғындармен байланыстамыз, сұрақ көп. Осы аптада абаттандыру жұмыстарына кірістік. «Искандер» ЖШС шөп шабумен айналысып жатыр. Өткен жылы үлкен жұмыс атқарылған, бұл бастамалар осы округтің тұрғындарына арналған. Мұндай жұмыстар қала бойынша жүргізіліп жатыр. Сондықтан тұрғындарға үндеу тастаймын – түсіністікпен қараңыздар. Жұмыстардың ауқымы өте үлкен. Екі жыл бұрын алға қойған міндеттеріміз қазір жүзеге асуда».
Көп жылдан бері №7 орта мектептің қасбеті тек эстетикалық тұрғыдан емес, жалпы жағдайы бойынша да көңіл көншітпейтін. Биыл мектептің қасбеті де, қоршауы да жаңартылды. Ғимарат салынған кездегі ескі қоршау толықтай ауыстырылды. жобаларға қоғамдық бақылау жүргізіп жүргендердің бірі – Асель Ыдрышқанова.
Асель Ыдрышканова, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Бұл мектепке қалалық бюджеттен қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта мектептің қасбеті жөнделіп бітті, қоршау жұмыстары жалғасуда. Техникалық қадағалау бар, бәрі бақылануда. Осы округтің депутаттары да бұл істі назарда ұстап отыр».
Дегенмен, бәрі біркелкі емес – кейбір мердігерлер жұмыс мерзімін бұзды, ал кей нысандар әлі тапсырылған жоқ. Мәселе – сквер құрылысы жайында. Атап айтқанда, Теміртау әкімдігі тапсырыс беруші ретінде кей жұмыстарды қабылдаудан бас тартқан. Қазір сот процестері жүріп жатыр, ал келісімшарт бұзылған.
Алексей Ломакин, Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы: «Өкінішке қарай, мердігер компания жұмысын тиісті деңгейде атқармады. Қазір бұл ұйым сотта – оны адал емес мердігер ретінде тану мәселесі қаралуда. Барлық рәсімдер мен аудиттен кейін қалған қаражатқа жаңа конкурс жарияланады. Бұл – бүкіл соманың жартысынан көбі. Жаңа мердігер келіп, жұмысты жалғастырады. Оң жағалау тұрғындары бұл скверді асыға күтуде. Барлығымыз бірігіп, бұл жұмысты аяқтай аламыз деп ойлаймын. Сондықтан тұрғындарға да үндеу тастаймын – жасалған дүниеге ұқыппен қараңыздар. Болашақта бұл сквер саябақтар мен алаңдарды басқару мекемесінің балансына өтіп, онда түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жеңіл болады».
Оң жағалауда су және кәріз жүйелері күн тәртібінен түскен емес. Кәріз желілері ескірген, көптеген учаскелер толығымен жаңартуды қажет етеді. Құрылысшылар жұмысты кестеден кешіктірмей, тұрақты жүргізуде.
Максим Хохлов, Теміртау қалалық мәслихатының депутаты: «Қазір біз Мартенов көшесінде тұрмыз – мұнда жаңа кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Мердігер – «Карат-Z». Мердігерге айтарлықтай шағым жоқ, жұмыс стандарт пен талаптарға сай жүргізілуде. Графиктен озып кету жоқ, бірақ кешігу де байқалмайды. Әрине, бұл жұмыс тұрғындарға белгілі бір қолайсыздықтар тудырып отыр. Бірақ онсыз болмайды. Жұмыстардың сапалы, уақтылы әрі тұрғындарға барынша аз қолайсыздықпен аяқталарына үміттіміз».
Оң жағалаудың шын мәнінде көркейіп, жайлы болуы тек қалалық билікке ғана емес, тұрғындардың өзіне де байланысты.