Мердігерлерге жауапкершілік еске салынды
Теміртау әкімдігінде мердігер ұйымдармен кеңес өтті. Күн тәртібінде тек жұмыстардың мерзімі ғана емес, олардың сапасы да талқыланды. Толығырақ келесі материалда.
Теміртау әкімі Ғалым Ашимов инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жауапты мердігер ұйымдармен кезекті жұмыс отырысын өткізді. Әкім әрбір қадам – коммуникация тартудан бастап, қоқыс шығаруға дейін – келісіліп, тәртіп бұзбай орындалуы керек екенін ескертті.
Мердігерлерге кез келген жұмыс басталар алдында ресми түрде хабарлама беру міндетті екені ерекше атап өтілді. Құрылыс мәдениеті – жай сөз емес, жұмыстар аяқталған соң аумақты жинап, абаттандыру – міндет.
Ғалым Әшімов сондай-ақ бағдаршам нысандарын күтіп ұстау мәселесіне де назар аударды. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда, келісімшарт талаптарының қайта қаралуы мүмкін екенін айтты.
Металлургтер даңғылының күрделі жөндеуін жүргізіп жатқан мердігерге әкім жұмыстың негізгі кезеңдерін уақытылы аяқтап қана қоймай, қала тұрғындарын да үнемі хабардар етіп отыру қажеттігін қатаң түрде ескертті.