Профессордың сапары


Инчхон ұлттық университетінің профессоры Юн Чуль Шин Азияда экологиялық таза технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісті.

Қарағанды индустриялық университетінде тұрақты технологиялар мен қалдықтарды өңдеу саласындағы ғылыми ынтымақтастық мәселелеріне арналған кездесу өтті. Университет халықаралық сарапшылар делегациясын қабылдады. Кездесудің басты қонағы — Оңтүстік Кореядағы Инчхон ұлттық университетінің профессоры болды.

Юн Чуль Шин, Инчхон ұлттық университетінің профессоры: «Менің ойымша, университет өндірістік кешеннің ішінде орналасқан — әсіресе көмір шахталарына, металлургиялық кәсіпорындарға және басқа да өндірістік нысандарға жақын. Бұл аймақты Қазақстан индустриясының жүрегі деуге болады. Мұнда мықты профессорлар командасы жұмыс істейді. Мен үшін бұл — өндірістік университеттің қалай дамып жатқанын көрудің үлкен мүмкіндігі. Бұл — бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін жақсы алаң деп есептеймін».

Кездесудің негізгі тақырыбы — бірлескен ғылыми жұмыс перспективаларын талқылау болды. Ғалымдар қалдықтардан газ алу бойынша пилоттық жобаларды әзірлеу, зерттеулер жүргізу, тағылымдамалар ұйымдастыру және халықаралық ғылыми-білім беру орталығын құру мәселелерін талқылады.

Юн Чуль Шин, Инчхон ұлттық университетінің профессоры: «Біз Қазақстанмен ынтымақтасқымыз келеді. Бізде Оңтүстік Кореяда жинақталған тәжірибе бар. Осындай жобаларды біз Орталық Америкада іске асырдық, қазіргі уақытта Филиппинде жұмыс жүргізіп жатырмыз, және, әрине, Кореяның өзінде де бірнеше жобалар жүзеге асырылды. Біз университеттер мен өндіріс арасындағы әріптестікті дамытқымыз келеді — технологиялық жетістіктер мен орнықты даму үшін».

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдіріп, ынтымақтастықтың алғашқы бағыттарын айқындады. Негізгі назар — Қазақстан өнеркәсібі мен экологиясына нақты пайда әкелетін экологиялық қауіпсіз және тәжірибеге бағытталған технологияларға аударылды.