ҮЕҰ-дан қандай пайда бар?
Теміртауда Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты нығайту, жастар мен волонтерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар арасындағы серіктестіктің тиімді мысалдары туралы сөз болды.
Теміртауда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде — азаматтық сектормен ынтымақтастықты нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдау, сондай-ақ бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыру мәселелері қаралды. Негізгі спикерлердің бірі Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Серік Санаубаев болды. Ол бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен өңір өміріндегі белсенді рөлін ерекше атап өтті.
Отырыс барысында ҮЕҰ-мен серіктестіктің сәтті мысалдары таныстырылды. Соның бірі — 2009 жылдан бері ауқымды жобаларды жүзеге асырып келе жатқан «Шаңырақ» волонтерлік орталығы. Орталықтың қызметі қарт адамдарға көмек көрсету, экологиялық акциялардан бастап, балаларға арналған оқу лагерлері мен жастарға арналған тренингтерді қамтиды. Тек өткен жылдың өзінде волонтерлер 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырған.
Дильназ Серікова, «Шаңырақ» ВО басшысы: «Біздің тоғыз бағытымыз бар: әлеуметтік, экологиялық, мәдени, имидждік, зообағыт, бізбен бірге жұмыс істейтін күміс волонтерлер және корпоративтік бағыт. Жоба 2009 жылы құрылғаннан бері 10 000-нан астам волонтер тартылды. Жыл сайын біз 350-ден 500-ге дейін волонтерді қамтимыз».
Сондай-ақ, отырыста Теміртау қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты жобасының іске асырылуы туралы есеп ұсынылды. 2025 жылдың наурыз айынан маусымына дейін жобаның аясында мектептерде көшпелі дәрістер, этномәдени айлар, экологиялық акциялар мен форумдар ұйымдастырылды. Тек «Бірлік тілі» клубының өзінде 220-дан астам жас мемлекеттік тілді интерактивті түрде меңгере бастады. Теміртаулық жастар аймақтық және республикалық деңгейдегі алаңдарда өңірдің атынан шығып, этносаралық диалог пен бірлік құндылықтарын насихаттап келеді.
Анатолий Лакунцов, «Ассамблея жастары» жобасының жетекшісі: «Алғашқы күндерден бастап жастар активін қалыптастыру жұмыстары жүргізілді, іс-шаралар жоспары, күнтізбелік жоспар, контент-жоспар және жобаны жүзеге асыру тұжырымдамасы бекітілді. Негізгі бағыттар айқындалды, олардың ішінде жастармен ағартушылық жұмысқа, тілдік практикаға, этносаралық ынтымақтастыққа және жастарды қоғамдық өмірге тартуға ерекше көңіл бөлінеді».
Отырыс қатысушылары ақпараттық сүйемелдеу, медиа ауқымды кеңейту, сондай-ақ мектеп оқушыларынан бастап ардагерлерге дейінгі түрлі әлеуметтік топтарды жобаларға тарту мәселелеріне де ерекше назар аударды.