Қоғамдық кеңеске жол
«Жас көшбасшылар мектебінің» қатысушылары Қоғамдық кеңес мүшесінен қоғамға қалай ықпал етуге болатынын, азаматтық ұстанымды қалай білдіру керектігін және шынайы көшбасшылықтың мәнін білді.
Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әсел Ыдырышқанова Теміртауда «Жас көшбасшылар мектебі» жобасының қатысушыларымен кездесті. Әсел – белсенді азаматтық ұстанымы бар адам. Ол өз ұстанымдарынан бас тартпайды. Бұған дейін ол Теміртау қаласының Қоғамдық кеңесінде белсенді мүше болған — оны қала тұрғындары сөзімен емес, ісімен таниды. Оның жұмысы тек жиындарға қатысумен немесе әлеуметтік желі жүргізумен шектелмеген. Ол – қоғамдық пікірді нақты іспен қорғап жүрген санаулы адамдардың бірі. Биыл Әсел Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі атанды. Жас көшбасшылар оған түрлі қызықтырған сұрақтарын қойды.
Әсел Ыдырышқанова, Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Бүгін мені “Жас көшбасшылар мектебіне” шақырды. Қоғамдық кеңес туралы, осы уақыт ішінде жасаған жобаларымыз туралы, балалармен, жастармен кездесіп, өз қызметіміз туралы әңгімелесу үшін».
Көпшілік үшін Қоғамдық кеңеске кандидаттар қандай қағидамен іріктелетіні әлі де түсініксіз. Болашақта кеңес құрамында кездейсоқ адамдар болмас үшін, жастарға бүгіннен бастап қоғамдық пікірге ықпал ете алатын, сөзі өтімді азаматқа қалай айналуға болатынын түсіндіру маңызды.
Әсел Ыдырышқанова, Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Біз көптеген тақырыптарды талқыладық: Қоғамдық кеңес туралы, оған қалай кіруге болатынын, қалада екі жылдан бері іске асырылып жатқан жобаларды, болашақ жобаларды, және жастардың қаланы қалай көретінін, қандай өзгерістер қажет екенін талқыладық».
Жасөспірімдердің сұрақтары әртүрлі салаларға қатысты болды — қалалық инфрақұрылымнан бастап, экология мен қоғамдық өмірге қатысуға дейін.
Рената Қожахметова, «Жас көшбасшылар мектебі» жобасының қатысушысы: «Біз экология туралы, жануарларға, табиғатқа қалай көмектесе алатынымыз туралы әңгімелестік. Табиғатты қорғау үшін өз идеяларымды ұсындым. Бұл тренингтен алған әсерім өте жақсы. Осындай іс-шаралар адамдар үшін де, қоғам үшін де әрдайым маңызды деп ойлаймын. Себебі біз осы әлемде өмір сүреміз және оған тек жақсы нәрселермен үлес қосуымыз керек».
Әселдің тағы бір ерекшелігі — ол ашық адам. Әлеуметтік желідегі хаттарға міндетті түрде жауап береді. Әсіресе экология және үйсіз жануарларға көмектесу тақырыптары оған жақын. Сонымен қатар, Әсел әрдайым өз тәжірибесі мен білімімен бөлісуге дайын.