Уақытты бейнелеген суретші
Біздің бағдарламамызда бүгін сахна сыртында, күн сайын өз еңбегімен құндылық жасайтын адамдар туралы әңгімелейміз. Теміртау тарихи-өлкетану музейінде ширек ғасырдан бері суретші-экспозиция жасаушы Хайниса Мұстафина еңбек етіп келеді. Оның жасаған экспозициялары – нағыз театрландырылған қойылымдар, ал басты кейіпкер – тарихтың өзі.
Теміртау тұрғындары туралы бағдарламамызда біз сіздерді ұрпақтар таңғалып қарайтын экспозицияларды жасаушы жандармен таныстырамыз. Хайниса Мұстафина – залдарды жай ғана безендірмей, тарихты тірілтетін шебер-суретші.
Хайниса Мустафина, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің суретші-экспозиция жасаушысы: «Менің мамандығым – театр суретшісі. Сондықтан мұражайда экспозиция жасаған кезде сахна құрғандай боламын. Бұл бір қойылым секілді. Мұнда 22 немесе 23 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы жылдар бойы тек көзбен көретін емес, жүрекпен сезінетін дүниелер жасауға тырыстым».
Оның қолымен жасалған инсталляциялар көрерменді терең ойға батырып, әр дәуірдің рухын сезінуге жетелейді. Мысалы, 9 мамыр күні қала орталығында тыл еңбеккерлері мен соғыс құрбандарына арналған ерекше инсталляция ұсынылды.
Хайниса Мустафина, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің суретші-экспозиция жасаушысы: «Біз соғыс жылдарындағыдай айқыштап жапсырылған терезелер бейнеленген аймақ жасадық. Онда кішкентай аяқ киім, перде, қисайған кереует секілді ұсақ бөлшектер болды. Адамдар келіп, әсіресе үлкендер, көздеріне жас алды. Себебі бұл жай ғана көрме емес – бұл эмоция».
Мұндай инсталляциялар тек дарындылықтың ғана емес, терең тарихи білім мен ұсақ-түйекті сезіне білудің, шеберліктің жемісі. Кейде – бар заттан антураж жасап шығуға тура келеді.
Хайниса Мустафина, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің суретші-экспозиция жасаушысы: «Кейде қажетті экспонаттар болмай қалады. Онда біз матадан, картоннан, ескі заттардан жасаймыз. Мысалы, Семей полигоны туралы экспозицияда тюль матасынан «ядролық бұлт» жасап, күйген картондарға құрбандардың суреттерін орналастырдық. Бұл әсерлі болды».
Хайниса ханым экспозиция жасаушының жұмысы – тек суретшілік емес, терең тарихи білім мен өз ісіне деген махаббатты талап етеді дейді. Осы құндылықтарды ол жас ұрпаққа да сіңіргісі келеді.
Хайниса Мустафина, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің суретші-экспозиция жасаушысы: «Көп оқып, көп білу керек. Сонда ғана уақытты қалай бейнелеу керегін түсінесің. Немерелерім менімен мақтанады – біреуі архитектор мамандығында оқып жүр. Ең бастысы – ынта болу керек. Ал жолды таңдасаң – соңына дейін бару керек».
Теміртау музейінде оны экспозициялардың жаны деп атайды. Ал көрермендер – өткенді тірілтетін шебер дейді. Осындай жандар тарихты жай сақтамай, сезінуге мүмкіндік береді.