Жастар — таза қала үшін
Теміртауда «Жасыл ел» экологиялық жобасының екінші маусымының жабылу рәсімі өтті. Ай бойы қозғалысқа қатысушылар қала аумағын құрылысшылар даңғылынан бастап тоғызыншы шағын ауданға дейін тазалап, 20 мыңнан астам қап қоқыс жинады.
Теміртауда «Жасыл ел» экологиялық жобасының екінші маусымы ресми түрде жабылды. Жобаның қатысушылары қаланың игілігі үшін аянбай еңбек етіп, көшелерді, скверлерді және аулаларды қоқыстан тазартты. Тек осы маусымның өзінде 20 мыңнан астам қап қоқыс жиналды.
Мирас Яуда, «Жасыл ел» жобасының бас үйлестірушісі: ««Екінші маусымда 174 қала аумағында тазалау жұмыстары өткен болатын. Ол Республика, Абай, 1, 2, 3 және басқа да ықшамаудандарда тазалық жұмыстары жүргізілген болатын. Осы маусымда біз 20 мыңға жуық қоқыс қаптарын шығарған болатынбыз. Сонымен қатар, сарбаздарымызға арналған оқыту дәрістері өткізілді. Жалпы 74-ке жуық іс-шара ұйымдастырылды».
Жобаға негізінен мектеп оқушылары мен студенттер қатысады. Олардың көпшілігі үшін бұл — алғашқы еңбек тәжірибесі. Салтанатты рәсім барысында маусымда белсенділік танытқан үздік жауынгерлер ерекше аталып өтті. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ислам Беркін, екінші маусым жауынгері: «Жасыл ел» маған қатты ұнады. Қазір екінші маусымда жұмыс істеп жүрмін. Өткен жылы да қатысқан болатынмын. «Жасыл елден» байқағаным — осында жұмыс істей жүріп, көп достар тауып, жақын адамдармен араласуға мүмкіндік туады екен. Ауланы тазалаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Осы жобаның дами беруін қалаймын, әрі соған тілектеспін».
Екінші маусымда «Жасыл ел» қатарына 320 жауынгер тартылды. Бұл бастама жастардың өзін танытуына жол ашып, қалаға нақты пайда әкеліп қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады.