Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін


Теміртауда домбыра жай ғана музыкалық аспап емес, ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін нағыз рухани тыныштық пен шабыттың, өз-өзіне сенімділіктің көзіне айналды.

Теміртау қаласының мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу бөлімі жанынан бірнеше жыл бұрын домбыра үйірмесі ашылған. Бұл үйірмеге түрлі тағдыр иелері, түрлі диагнозы бар жандар қатысқанымен, сахнаға шыққанда олар нағыз әртіс ретінде өнер көрсетеді.

Гүлмира Сейлханова, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бөлімінің бос уақыт ұйымдастырушысы: «Домбыра – өте пайдалы. Ерекше жандардың моторикасын дамытады. Саусақпен жұмыс жасау, құлақпен есту, саусақпен көру – домбыраның пайдасы өте зор. Домбыра – бұл біздің тарихымыз, ұлттық мұрамыз. Бұл мереке бірнеше жылдан бері аталып өтіп келеді. Алдағы уақытта оны бұдан да үлкен деңгейде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Меруерт Қанатовна он бес шақты оқушыны дайындап, оларды фестивальдер мен концерттерге қатыстырып жүр. Біздің домбырашыларымыз үнемі өнер көрсетуде».

Сабақтар тегін өткізіледі. Мұнда цифрлық ноталар жүйесі қолданылады — бұл көру немесе есту қабілеті шектеулі жандар үшін оқуды жеңілдетеді. Әр қатысушының өз ырғағы мен тәсілі бар. Домбыраны бұрын қолына ұстап көрмегендер де бірнеше сабақтан кейін-ақ сахнада күй орындайды.

Ярослава Косулина, бөлім басшысы: «Біздің үйірмеде мүмкіндігі шектеулі жандар дені сау адамдармен бірге қатысады – біз дуэттер құрамыз. Бұл қатысушыларға жаңа білімге, шеберлікке, дұрыс ойнауға ұмтылуға көмектеседі. Олар музыканы тыңдауды, түсінуді үйренеді – бұл олардың өмірінде ерекше тәжірибе. Домбыра – қазақ халқының ұлттық аспабы. Домбыра күні – ерекше мейрам, өйткені ол арқылы біз мәдениетімізді дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз. Үйірмемізде зейнеткерлер де, жастар да бар».

68 жастағы Құндызай апай үшін домбыра өмірді түбегейлі өзгерткен. Жасына және денсаулығына қарамастан, ол қолына домбыра алғанда ерекше қуат алып, өмірге құлшынысы артады.

Кұндызай Жаналиева, домбыра үйірмесінің қатысушысы, мүмкіндігі шектеулі жан: «Маған достарым осы орталық жайлы айтты, осындай жер ашылған екен, барып көр деп. Келсем, вокал ашылыпты. Сол вокалға қатысып жүріп, кейін бізге әкімдіктен келіп, қалауымызды сұрады. Біз домбыра курсын ашуын сұрадық. Сөйтіп, Меруерт Қанатовна келіп, үш жылдан бері өмірі ұстамаған домбыраны қолыма алып, бүгінгі күнге дейін тартып жүрмін. Концерттер болып тұрады, сахнаға шығамыз. Өте көңілді, қуанышты сәттер. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бірімін ғой, ал осы жерге келгенде көңілім көтеріліп, қуанып қаламын. Өмірім осы домбыра арқылы түбегейлі өзгерді. Күйеуім бар, ол үнемі қолдау көрсетеді. “Бара ғой, домбыра тарта бер, көңілді жүресің, ауырмайсың. Отырып қалмайсың” дейді. Домбыраның арқасында жүріп-тұрып жүрміз ғой. Үйде отырсаң, отыра беріп ауырып қаласың ғой. Ал домбыра маған күш-қуат береді».

Домбыра үйірмесі – тек оқыту орны емес. Бұл – ерекше жандардың шығармашылығын ашып, қуанышпен өмір сүруге көмектесетін кеңістік. Қазақ және орыс әндері, классикалық және заманауи күйлер шырқалып, достық пен қолдау атмосферасы орнайды.

Ярослава Косулина, бөлім басшысы: «Біздің орталықта әртүрлі диагнозы бар адамдар – көру, есту, тірек-қимыл жүйесі бұзылғандар бірігіп жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы санаулы орталықтардың бірі. Әрине, үйірме жетекшісі ретінде мен әрқайсысының жағдайына ерекше мән беремін. Бірақ ең бастысы – біз бұл жандарды біріктіріп отырмыз. Біз оларды бөліп-жармаймыз. Олар ансамбль болып өнер көрсетеді, ортақ тіл табысады, бірге ән айтады. Бұл – инклюзивті қоғамға апарар дұрыс жол».

Ұлттық Домбыра күні – музыка адамды емдейтін, біріктіретін, шабыттандыратын құдірет екенін еске салатын ерекше күн. Әсіресе бұл музыка әр жүректе ойналса – оның қуаты шексіз.