Теміртауда құмды мүйісте ер адам суға батып кетті


Ескерту белгілері мен жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу әлі де мүмкін болмай тұр. Теміртаудағы Самарқан су қоймасының құмды мүйісі аумағында 1989 жылы туған ер адам суға батып кетті. Аталған орын ресми түрде шомылуға тыйым салынған қауіпті аймақтардың қатарына кіреді.

 

 

Шомылу маусымының қызған шағында Теміртауда су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Соған қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады. Самарқан су қоймасының құмды мүйісі маңында шомылуға тыйым салынған орында 1989 жылғы ер адам суға батып кеткен.

Владислав Карушулаков, Теміртау қаласы ТЖБ бастығының міндетін атқарушысы: «Теміртау қаласында халық жаппай демалатын және шомылатын 24 орын бар, оның ішінде 14 орында шомылуға тыйым салынған. Рұқсат етілген жағажайлар толықтай тексеріліп, судағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келеді».

Маусым басынан бері қалада түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұған қоса, ТЖБ қызметкерлері мен құтқарушылар күн сайын су айдындарын патрульдеуде.

Ернар Адешов, Теміртау қаласы ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:

«Құмды мүйіс шомылуға тыйым салынған орындардың қатарына енгізілген. Себебі бұл жерде су түбі тексерілмеген, құтқару бекеттері жоқ, медицина қызметкерлері кезекшілік етпейді. Сонымен қатар, түбі біркелкі емес және тереңдік күрт өзгеретіндіктен, шектеу белгілері орнатылмаған».

Жүргізілген рейдтер нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 15 адам тартылды. Көп жағдайда балалардың суға үлкендердің қарауынсыз шомылуы немесе тыйым салынған орындарда суға түсу фактілері тіркелген. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 206 мың теңгеден асты.

 Владислав Карушулаков, Теміртау қаласы ТЖБ бастығының міндетін атқарушысы: «Соңғы 5 жылда, яғни 2020–2024 жылдар аралығында, Теміртау қаласындағы су айдындарында жаз мезгілінде 10 адам суға батып көз жұмды. Оның 5-і — балалар. 2024 жылы — 1 ересек адам, 2023 жылы — 3 ересек адам, 2022 жылы — 2006 жылы туған 2 жасөспірім, 2021 жылы — тағы бір 2006 жылғы жасөспірім, 2020 жылы — 3 адам, оның екеуі — 2005 және 2008 жылы туған балалар. Барлық жағдай шомылуға арналмаған, жабдықталмаған орындарда болған».

Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
– тек арнайы белгіленген орындарда шомылыңыз;
– балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
– суға түсетін орынды алдын ала зерттемей сүңгіменіз;
– буйлардан ары жүзбеңіз;
– мас күйде немесе жалғыз шомылмаңыз;
– қайықпен немесе катамаранмен шықсаңыз, міндетті түрде құтқару желетін киіңіз.