Домбыра күні
Теміртауда Елорда күні мен Ұлттық аспап – домбыра күні атап өтілді. «Шығыс» саябағында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
«Шығыс» саябағына теміртаулықтар мен қала қонақтары екі бірдей мерекені — Елорда күні мен Домбыра күнін атап өту үшін жиналды. 2018 жылдан бері бұл қалада ұлттық музыка әуендерімен мерекелік кездесулер өткізу жақсы дәстүрге айналды. Қазақ халқының күйін тыңдап, бірлік пен ұлттық рухты сезіну үшін жұртшылық осында жиналады.
Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Бүгін — өте маңызды күн. Бұл — Астана күні және қазақтың ұлттық аспабы — домбыра күні. Бүгін де «Шығыс» саябағында бас қосып отырмыз. Қазір бірнеше ән мен күй орындалады. Сіздерге амандық, табыс, жақсылық тілеймін! Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын!»
Қонақтарға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Мерекелік концерт домбыраның — қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық аспап ұрпақтарды біріктіріп, халқымыздың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады.