Коммуналдық бақылау


Қалалық көшелер, тазалық пен тәртіп – жайлы өмірдің ажырамас бөлігі. Әкімдікте аулалар, жолдар мен қоқыс контейнерлері алаңдарының жағдайын қалай жақсарту керектігі талқыланды. Қандай шешімдер қабылданды және алдағы уақытта не өзгереді – келесі сюжеттен білесіздер.

Теміртау қаласының әкімдігінде коммуналдық мәселелерді шешуге арналған кезекті штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде құрылыс және жер қазу жұмыстары мен олардың жүргізілетін учаскелеріндегі тәртіп болды. Әкімдік тарапынан тек техникалық жұмыстарды орындау ғана емес, сонымен қатар, айналадағы аумақты абаттандыру мен тазалықты сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов атап өткендей, жер қазу жұмыстары кезінде тек ақауларды жою ғана емес, сонымен қатар жабындыны қалпына келтіру, құрылыс қалдықтарын шығару және аумақты тәртіпке келтіру маңызды.

Сондай-ақ, жиналыста кәріз жүйелеріне қатысты мәселелер мен тұрғындардың шағымдары қаралды. Атап айтқанда, кәріз құдықтарының толып қалуы, бітелуі және қақпақтарының болмауы мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, қоқыс контейнерлерінің айналасындағы санитарлық жағдайға да назар аударылды. Барлық қызмет көрсетуші ұйымдарға контейнерлердің маңайын тұрақты түрде тазалап отыру тапсырылды. Полиция мен әкімдік бірігіп, қаланың 330 контейнерлік нүктесінде тазалық пен тәртіпті бақылауға алады.