Ғалым Әшімов: «Сквердің құрылысы тоқтамайды!»


Теміртауда Оң жағалаудағы сквер құрылысы уақытша тоқтатылды. Себебі – мердігер компания келісімшарт талаптарын толық орындамаған. Қала әкімі Ғалым Әшімов құрылыс алаңына барып, тұрғындарды алаңдатқан жобаға қатысты түсініктеме берді.

Оң жағалаудағы сквер – тұрғындар көптен күткен әлеуметтік жоба. Алайда серуен аймағы мен балалар алаңдарының орнына – мерзімі бұзылған жұмыс, жартылай атқарылған құрылыс және тұрғындардың наразылығы. Әкімнің айтуынша, жобаны Шымкенттік компания жеңіп алған. Олар жұмысты 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін аяқтауы тиіс болған. Кейін мерзім 31 мамырға шегерілді, бірақ нәтиже көңіл көншітпеді.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «31 мамырда осы жерге келгенде, тек 60 пайыз жұмыс орындалғанын көрдік. 409 миллион теңгенің тек 220 миллионы ғана игерілген. Қалған жұмыстар тоқтап қалған. Күзде отырғызылған ағаштар қурап кеткен. Бірқатар кіші архитектуралық формалар да әлі толық орнатылмаған».

Әкім орындалған жұмыстың сапасына да көңілі толмайтынын айтты.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Мердігер тарапынан міндеттемелер бірнеше рет бұзылды. Сол себепті келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданды. Уәдесін орындамаған компанияға сенім артудың мәні жоқ».

Қазіргі таңда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сотқа талап қойып, орындалмаған жұмыстар үшін бөлінген қаржыны кері қайтаруды талап етіп отыр. Ал қалған қаражат қайта конкурс арқылы жаңа мердігерге беріледі.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Енді бұл жобаға қайта конкурс жарияланады. Жаңа мердігер анықталған соң, сквердің құрылысы қайта жалғасады».

Тұрғындар бұл мәселені жиі көтеріп келеді — әлеуметтік желіде де, кездесулерде де сұрақ көп. Әкімнің сөзінше, бұл мәселе тұрақты түрде талқыланып, халыққа ашық жеткізіліп отыр.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Жақында қала тұрғындарымен кездесуде осы мәселе көтерілді. Мен өзім түсіндіріп бердім. Әлеуметтік желі арқылы да, жеке кездесулерде де адамдар сұрайды — барлығына жауап береміз. Біз екі апта сайын мердігерлермен, қызмет көрсетушілермен және қала белсенділерімен жиналыс өткіземіз. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ».

Сквердің нақты қашан аяқталатыны жаңа конкурстың нәтижесіне байланысты. Бірақ қала әкімінің айтуынша, нысан толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі — бұл шешім нақты.