«Шығыс» саябағындағы дискотекалар күндізгі уақытқа ауыстырылмайды
Теміртауда «Мәдениет, демалыс саябақтары мен гүлзарларды басқармасы» мекемесінің атқарған жұмыстары қорытындыланды. Есеп барысында негізгі жетістіктер, жүзеге асқан жобалар, инфрақұрылымдық мәселелер мен қалалық ортаны абаттандыру бойынша алдағы жоспарлар ұсынылды.
Теміртауда «Мәдениет, демалыс саябақтары мен гүлзарларды басқармасы» мекемесінің атқарған жұмыстары қорытындыланды. Қалалық басқарманың қарамағында екі саябақ – «Шығыс» және Ескі қала саябағы, сондай-ақ он сквер бар. Жалпы аумағы – 380 мың шаршы метрден асады.
Қызметтер ауқымының кеңеюіне байланысты кәсіпорынның штаттық құрамы да едәуір артты: егер 2023 жылы мекемеде 80 адам жұмыс істесе, бүгінде қызметкерлер саны 244-ке жетті. Қаржыландыру көлемі де артуда.
Марал Тоқсақова, «Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы: «2024 жылы «Металлург» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізілді: жүгіру жолақтарының (тартан) ескі жабындысы алынып, жаңа жабынды төсеу үшін негіз тегістелді; нөсер кәріз жүйесі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, «Бірлік» атты жаңа сквер ашылды. Оның аумағында абаттандыру элементтері орнатылып, брусчатка төселді, көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жаңа тақырыптық аймақ – «Этноаул» абаттандырылды. Қысқы бақты қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Инженерлік желілер жаңартылып, ішкі абаттандыру мен өсімдіктерге күтім жасауға арналған жағдайлар жақсартылды. Сондай-ақ 2024 жылы екі көшелік LED-экран сатып алынып, «Шығыс» саябағы мен «Бірлік» скверіне орнатылды. Бұған қоса, ескі LED-экран қайта жаңартылып, Қысқы баққа орнатылды».
Соңғы уақытта «Шығыс» саябағы қала тұрғындары арасында ерекше танымалдыққа ие болуда. Мұнда барлық жастағы адамдарға арналған ондаған іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін ұйымдастырылатын кешкі дискотекалар үлкен сұранысқа ие.
Марал Тоқсақова, «Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы: «Бүгінде «Шығыс» саябағы – қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең танымал демалыс орындарының бірі. Саябақ аумағы белсенді түрде дамып, барлық жастағы тұрғындарға әртүрлі демалыс түрлерін ұсынуда».
Алайда жетістіктермен қатар, бірқатар мәселелер де бар.
Марал Тоқсақова, «Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы: «Мәселелердің бірі – құқық қорғау органдары тарапынан іс-шаралар мен дискотекаларды өткізуге қатысты шектеулер. Полиция басқармасы сағат 18:00-ден кейін мәдени іс-шараларды өткізуге үнемі алаңдаушылық білдіріп, бағдарламаны күндізгі уақытқа ауыстыруды ұсынады. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаз мезгілінде кешкі уақыттағы іс-шаралар ең көп адам жинайды. Себебі, тұрғындардың көпшілігі саябаққа тек жұмыс күнінен кейін ғана келе алады. Сол себепті кешкі дискотекаларды тоқтату орынсыз деп есептейміз».
«Шығыс» саябағы аумағында жарықтандыру, қоғамдық дәретханалар, әкімшілік ғимарат және техникалық база жетіспейді. Кейбір аттракциондар ауыстыруды қажет етеді. Электр жүйесі шамадан тыс жүктелген, ал жаңа серуен аймақтарына деген сұраныс артып келеді. Басқарма жаңа саябақ салу үшін қосымша жер телімін бөлу мәселесін қарастыруды сұрайды.
Сондай-ақ Ескі қаладағы саябақты кешенді жаңғырту қажет: спорт және балалар алаңдарынан бастап, Құрметті азаматтар аллеясы, сахна мен қоғамдық тамақтану орындарына дейін.
Марал Тоқсақова, «Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы: «Қолданыстағы спорт аймақтарын жаңарту қажет. Көпфункционалды балалар ойын алаңдарын орнату керек. Бүгінде саябақта аттракциондар жоқ. Теміртау қаласының Құрметті азаматтары аллеясын, ашық сахнаны, демалыс беседкаларын, фотозоналар мен безендіру элементтерін және қоғамдық тамақтану аймағын жаңғырту қажет».
Есепте скверлерге де ерекше көңіл бөлінді. Олардың көпшілігіне жарықтандыру жүйесін жаңарту, суару жүйесін орнату, көше дәретханалары мен ойын кешендері, сондай-ақ бірыңғай сәулеттік стильдегі абаттандыру элементтері қажет.