Теміртауда экологиялық акция өтеді


24 шілде күні Теміртауда «Пластиксіз қала» атты экологиялық акция өтеді. Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Акцияның мақсаты – тұрғындардың назарын пластик қалдықтарының мәселесіне аудару және табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттау.

 

Сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін қала тұрғындары пластикалық бөтелкелерді арнайы белгіленген үш қабылдау пунктінің біріне тапсыра алады: «Шығыс» саябағында, Жас көрермендер театрында және Чайковский көшесі, 2/1 мекенжайындағы «Жастар орталығында». Әр 10 бүтін пластик бөтелке үшін қатысушылар арнайы купон алады. Бұл купонды билетте көрсетілген сыйлық беру пунктінен тегін балмұздаққа айырбастауға болады.

Акцияны Теміртау қаласы әкімдігі, сондай-ақ «Аян М.» және «REN-Milk» компаниялары ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты қорғау – әркімнің қолынан келетін қарапайым әрі жағымды іс екенін көрсетуге бағытталған.