Теміртаулықтар зейнеткерге көмектест
18 шілде күні Теміртауда, Восточная көшесі, 3А мекенжайында өрт болды. Қала тұрғындары шұғыл түрде қаржы жинап, зардап шеккен жанұяға көмек көрсетті. Жиналған сома – шамамен жарты миллион теңге. Алғаш болып көмектесуге Оң жағалау тұрғындары кірісті. Кейін оларға басқа да ықшамаудандар қосылды. Қазіргі уақытта Анна Георгиевна көршілерінің үйінде уақытша тұрып жатыр. Өз үйі – тұруға жарамсыз. Көршілер қолдан келгенше көмектесуде. Алайда бәрібір де қол күші жетіспейді.
Анна Пулина, зардап шеккен тұрғын: «Депутат еріктілерді жіберді. Екі рет келіп көмектесті. Киімдер, заттар… бәрі үйдің ішінде. Қазір кіріп көрдім — бәрі қап-қара. Маған енді ремонт жасау үшін адамдар керек».
Анна Георгиевнаны біз аулада жалғыз отырған жерінен таптық. Жан-жағында – өрттен аман қалған жиһаздар мен киім-кешек. Көршілердің айтуынша, әйел адам болған жағдайдан қатты күйзеліп қалған. Кешке қарай үйінің орнына қарап, көзіне жас алып отырады. Қаржылай көмек алған сәтте де ол көз жасын тыя алмады.
Анна Пулина, зардап шеккен тұрғын: «Рақмет. Үлкен рақмет. Әркім өз қалтасынан тиын-тебенін жинап берді. Үлкен рақмет».
Жиналған қаражат аз емес. Бірақ алда атқарылатын жұмыс одан да көп. Анна Георгиевна кез келген көмекті қуана қабылдайды. Қолма-қол ақшаны зейнеткерге белсенді қала тұрғыны Анастасия Гордиенконың өзі жеткізді.
Анастасия Гордиенко, белсенді: «Мен – Оң жағалау тұрғынымын. Бізде біреу қиын жағдайға түссе, бүкіл аудан болып көмектесеміз. Өрт болғанын естіп, бірден көмек жинауға шешім қабылдадық. Бүкіл Теміртау қаласы қосылды. Ақша жинағандарға ғана емес, қолымен көмектескен, құрылыс материалдарын ұсынған барлық адамға үлкен алғыс айтамын».
Егер Анна Георгиевнаға көмек бергісі келетін тағы да жандар болса, тікелей Восточная көшесі, 3А мекенжайына келсеңіздер болады.