Теміртауда мердігерлерге жұмысты жеделдетіп, тәртіп орнату міндеттелді
Теміртау әкімдігінде мердігер ұйымдармен кезекті жиын өтті. Жиында жұмыстардың сапасы, абаттандыру және нысандарды аяқтау мерзімдері талқыланды.
Сын жол салушыларға да айтылды. Металлургтер даңғылындағы жұмыстар созылып кетті, алайда оларды айдың басында аяқтаймыз деп уәде берген еді.
Әкім ауа райының қолайсыздығын үнемі сылтау ете беруге болмайтынын атап өтіп, мердігерлерден жұмысты жеделдетуді талап етті.
Жаяу жолдың жағдайына қатысты да сын айтылды. Мердігер ұйымдарға тазалық пен абаттандыруға көбірек көңіл бөлу міндеттелді.
Әкім барлық мердігер ұйымдарға жұмыстар аяқталған соң аумақтарды тәртіпке келтіруді міндеттеді. Әйтпесе, соңғы төлемдер төленбейді.
Жиында жолаушылар тасымалы, көшелерді жарықтандыру, балабақшалар салу және инженерлік желілерді қайта жөндеу мәселелері талқыланды. Мердігерлерге ескерту жасалды: олардың жұмысына депутаттар, қоғамдық кеңес және полиция бақылауды күшейтеді.