Жыл басынан бері қарсы бағыт жолағына шыққаны үшін Теміртауда 128 жүргізушіге айыппұл салынды
Біздің редакцияға жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды көрсететін бейне түсті. Полиция бұл жағдайға қалай назар аударғаны — біздің материалда.
Редакцияға жолданған бейнежазбада жол қозғалысы ережелерінің ауыр бұзылуы — қарсы жолаққа заңсыз шығу көрсетілген.
Нурбек Заманбеков, Теміртау қ. ПБ Патрульдік Полиция Батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны: «Бұл заңбұзушылық Теміртау қаласындағы Момышұлы даңғылы мен Амангелді көшелерінің қиылысында орын алды. Аталған көлік жүргізушісі жол қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін, көлік құралдарын жүру бөлігінде орналастыру бойынша 596-баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Жылдың басынан бастап Теміртау қаласында осыған ұқсас заңбұзушылықтар үшін 128-ден астам жүргізушіге шара қолданылған. Қарсы қозғалыс жолағына шығу – жолдағы ең қатерлі әрекеттердің бірі, себебі мұндай бұзушылықтар көбіне ауыр зардаптарға әкелетін бетпе-бет соқтығыстарға себеп болады.
Полиция қызметкерлерінің сөзінше, мұндай жағдайлар көбіне қалааралық тас жолдарда және қаладан шығар жолдарда, жүргізушілер жылдамдықты асырып, тәуекелді басып озуға баратын жерлерде тіркеледі. Негізгі факторлар — асығыстық, өз біліктілігін артық бағалау, шаршау немесе зейінсіздік. Заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері үнемі түсіндіру жұмыстарын, акцияларды, сондай-ақ «Қауіпсіз жол» сияқты республикалық іс-шаралар аясында тексеру рейдтерін өткізеді. Қағида бұзушылықтар патрульдік экипаждармен қатар, бейнебақылау жүйелері арқылы да тіркеледі. Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші алты ай мерзімге жүргізу куәлігінен айырылуы мүмкін. Полиция жүргізушілерді жол ережелерін мүлтіксіз сақтауға және жол қауіпсіздігі әркімнің жауапкершілігінде екенін ұмытпауға шақырады.