fbpx

Жол жұмыстары қалай жүріп жатыр?


Теміртауда мердігерлермен жұмыс кеңестері қайта басталды. Алғашқы кездесуде жол мәселелері талқыланды.

Ғалым Әшімов әкім қызметіне қайта оралғаннан кейін Теміртауда қаладағы түрлі жобаларды жүзеге асыратын мердігерлермен жұмыс кеңестерін өткізу тәжірибесі жаңғыртылды. Алғашқы кездесуде Ғалым Әбіханұлы мердігерлік ұйымдардың, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау өкілдерімен жол жобалары бойынша пікір алмасты. Көтерілген мәселелердің бірі – жол қауіпсіздігі: жол белгілерін орнату, люктерді ауыстыру және көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны талқыланды.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Бізді аулалар ішіндегі жарықтандыру, трассалар мен көшелердің бойындағы жарықтандыру алаңдатады. Жаяу жүргіншілер өткелдері бізді өте қатты алаңдатады. Бұл біздің алғашқы кеңесіміз, келесі кеңеске дайын болуды сұраймын, біз әр депутатпен бірге жүріп, жазып, суретке түсіреміз. Әріптестер, депутаттар, дайын болыңыздар. Біз мұнда бір-бірімізді көру үшін жиналмаймыз, мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарын табу үшін жиналамыз».

Шұңқырларды жөндеу қарқыны мен сапасы талқыланды: ерекше назар аудару қажет жол учаскелері анықталды. Әкім мердігерлерге жолдардың тазалығын қамтамасыз ету және қыс мезгіліне алдын ала дайындалуды тапсырды.

Кеңес барысында қала әкімі орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде алдағы күндері жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Металлургтер даңғылының күрделі жөндеу мәселелері де көтерілді. Соңғы мәлімет бойынша, Республика даңғылы мен Абай көшесі аралығындағы учаскеде жолшылар асфальттау жұмыстарын жүргізуде. Жолды аптаның соңына қарай ашу жоспарлануда.