Төтенше жағдайларға дайынбыз
Теміртауда «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті.
Қыс мезгілінде түрлі төтенше жағдайлар туындауы мүмкін: жолдағы апаттар, жылу көздерінің жұмысына қатысты мәселелер, электр қуатының үзілуі және басқа да жағдайлар. Қарағанды облысының авариялық-құтқару қызметтерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығын тексеру мақсатында өңірде «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылды.
Барлығы облыс бойынша 26 тактикалық-арнайы жаттығу өткізілді, оның бірі Теміртау маңындағы тас жолда өтті. Құтқарушылар далада қалған автобустан адамдарды құтқару іс-қимылдарын және жоғалған адамды іздеу жұмыстарын пысықтады. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің іс-қимылдарын Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев пен ТЖ департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев бақылап отырды.
Оқу-жаттығу барысында медициналық пункт пен жылыну орны ұйымдастырылды. Барлық іс-қимылдар медицина қызметкерлерімен, полиция қызметкерлерімен, өрт-құтқару қызметімен және әскери бөлімдермен бірлесіп жүзеге асырылды. Негізгі міндет – өзара іс-қимылды пысықтау. Теміртауда жылу көздерінің бірінде де оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді.
Нұрмұхамед Интуев, Теміртау қ. ТЖБ бастығы: «Қаламыздың аумағында екі ірі жылу көзі – 2 жылу электр орталығы және 1 Қарағанды бірінші мемлекеттік аймақтық электростанциясы бар екенін ескере отырып, өткен жылы 1 Қарағанды бірінші мемлекеттік аймақтық электростанциясы бірқатар апаттар орын алған болатын. Онда жылу беру бойынша апатсыз жұмысты қамтамасыз ету мақсатында шұғыл шаралар қабылдау қажет болды. Биыл осы нысанда біз тиісті оқу-жаттығуларды өткізіп, нысанның персоналымен және біздің өртке қарсы бөлімшелерімізбен бірге жылу беру маусымының апатсыз өтуін қамтамасыз ету мәселелерін пысықтадық».
Теміртауда оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жиналыс өткізілді. Жиында авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау бөлімшелерінің қыс мезгіліндегі қолайсыз жағдайларда төтенше және жедел жұмыстарды жүргізуге дайындығына жоғары баға берілді.
Айта кетсек, Қарағанды облысында қысқы кезеңде жұмыс істеуге 76 бірлік жоғары өтімді және инженерлік техника, 19 жылыну пункті және 6 трассалық медициналық-құтқару пункті дайындалды.