fbpx

Бүгін Теміртауда маңызды таңдау жасалуда


Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтуде. Теміртауда дауыс беру үшін 59 учаске ашылған, референдумға қатысушылар тізіміне шамамен 116 мың тұрғын тіркелген. 

Бүгін, 6 қазанда, Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтуде. Теміртауда сағат 07:00-ден бастап дауыс беруге арналған 59 учаске жұмыс істеп тұр. Қаланың тұрғындары референдумға белсенді қатысып, елде АЭС салуға қатысты таңдауларын жасауда. Дауыс бергендердің арасында Теміртау қаласының құрметті азаматы, танымал қоғам қайраткері және қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысушы Омашев Қуаныш Омашұлы да бар.

Айта кетейік, бюллетеньде тек бір ғана сұрақ бар: «Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Азаматтар «иә,келісемін» немесе «жоқ,келіспеймін» деген таңдау жасайды. Референдумға қатысушылар тізімінде шамамен 116 мың Теміртау тұрғыны тіркелген.

Нина Попова, №367 учаскесінің референдум комиссиясының төрайымы: «Біз шақыруларды әр адамның жеке қолына табыстадық. Егер адам келе алмаса, ол өтініш жазатын. Сағат 12:00-де үйде дауыс беру басталады. Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс жасаймыз, бәрі заң бойынша. Бізде алғаш рет таңдау жасап тұрған теміртаулықтарға сыйлықтар бар, оларға дәптер, қаламсап табыстаймыз. Және 70 жастан асқан адамдарға да сыйлықтар беріледі».

Теміртау тұрғындары өз азаматтық ұстанымдарын сағат 20:00-ге дейін білдіре алады. Референдум нәтижесі әрбір адамның таңдауына байланысты.