fbpx

Күн тәртібінде – нашақорлықтың алдын алу


Нашақорлыққа жол жоқ акциясы аясында Теміртауда кәсіпкерлер, дәріхана басшылары және фармацевттермен дөңгелек үстел өтті.

Теміртау қаласының әкімдігінде прокуратураның бастамасымен «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге бизнес өкілдері, дәріхана басшылары және фармацевттер қатысты. Кеңес барысында прокуратура қаладағы есірткі және психотроптық заттардың айналымы бойынша статистиканы ұсынды және есірткі қылмыстарымен күрес бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.

Арман Аскаров, Теміртау қаласы прокурорының міндетін атқарушы: «Осы кезеңде Теміртау қаласы бойынша осы салада 47 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде есірткі құралдарын сақтау және қолдану бойынша – 22 қылмыстық іс, сату бойынша – 8, жарнамаға байланысты – 5. Сотқа 16 қылмыстық іс жіберілді».

Теміртау дәріханалары мен дүкендерінде қызмет көрсету ережелерінің бұзылуы тіркелгендіктен, дөңгелек үстел алдын алу мақсатында өткізілді. Қатысушыларға алкоголь және темекі өнімдерін, сондай-ақ дәріханаларда рецепт бойынша берілетін препараттарды заңсыз сатудың жауапкершілігі туралы ескертілді.

Диалог барысында бизнес өкілдері мен дәріхана қызметкерлері құқық қорғау органдарына есірткі қылмыстарына қарсы күресте қалай көмектесе алатыны да талқыланды. Барлығына тиісті ұсыныстар берілді.