Бір адам суға батты
Шомылу маусымы басталғалы Теміртауда бір адам суға батып кетсе, тағы 78 тұрғын суда өзін-өзі ұстау ережесін бұзғаны үшін айыппұл төледі.
Суға түсу маусымының шарықтау уақыты өтті, алайда Теміртауда су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, күн жылынғалы бері шаһарда 62 рейд және 280 патрульдік жұмыс жүргізілген. 10 000 адаммен әңгіме жүргізіп, 8 500 жадынамалар таратылды. Сондай-ақ 91 тыйым салатын белгілер орнатылып, «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 21 іс-шара өткізілді. Мұның барлығы қала әкімдігінде өткен аппараттық жиында айтылды. Құтқарушылардың айтуынша, қанша жұмыс атқарылғанымен, адам өлімін болдырмау мүмкін болмады.
Владислав Карушулаков, қалалық ТЖБ басшысының орынбасары: «2024 жылғы суға түсу маусымы басталғалы Теміртау қаласында бір адам өлімі тіркелді. 2024 жылғы 7 тамызда сағат 18:50-де Бұқар жырау ауданымен шекарада, Балықты стансасынан бір шақырым жерде, Нұра өзені арқылы өтетін теміржол көпірінің жанынан Қарағанды облысының жедел құтқару жасағының күштерімен суға түсуге тыйым салынған жерде батып кеткен ер адамның денесін табылды. Өлімнің мән-жайы анықталуда. 2023 жылы шомылу маусымында бізде бұндай үш жағдай орын алған».
Суға түсу маусымында 78 тәртіп бұзушы анықталды. Айыппұлдың жалпы сомасы 273 000 теңгені құрады.