fbpx

Өзекті мәселелер


Теміртау қаласының әкімдігінде жылу беру, қоқыс шығару, жолдарды тазарту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Қалалық әкімдікте жылыту маусымының өту барысы қаралды. Жылу көздері өкілдерінің мәліметінше, жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр, температуралық кесте толық көлемде сақталуда, ТЭЦ-2 және ҚарГРЭС-1-дің жоспарланған жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады.

Станцияларда бәрі тұрақты болса, «Окжетпес-Т» компаниясына қатысты қоғамда көптеген сұрақтар туындады. Солардың бірі – жылу желілерінің изоляциялау қарқыны.

Сергей Работягов, «Окжетпес-Т» ЖШС директоры: «Қазіргі уақытта үш мердігер компания және біздің үш компания жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда ауыстырылған 26 шақырым құбырдың 11 шақырымы изоляцияланды. Жыл соңына дейін, тіпті ертерек, барлығын толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз».

Көпқабатты үйлерде газ тарату құрылғыларының биыл жөнделгеннен кейін газбен жабдықтауды қалпына келтіру мәселесі де талқыланды. Алайда тұрғындардан емес, «Gas Inpex» газ қызметі әкімге сұрақтар қойды. Олар газды пәтерлерге жеткізуге қажетті келісім-шарттарды жасауға асықпай отырған тұрғындар туралы айтты.

Артём Семенченко, «Gaz Inpex» ЖШС директоры: «Газды абоненттерге қосу үшін әр пәтерді 100% тексеру қажет. Тұрғындар газды алу үшін техникалық қызмет көрсету шарттарын жасасуы керек. Бұл – «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 19-бабына сәйкес. Қазіргі таңда бірде-бір келісім-шартқа қол қойылған жоқ».

Сонымен қатар пәтерлердің жоспарлау нормаларының сақталмауы және газға заңсыз қосылу мәселелері бар. Әкім газ қызметіне бұл мәселелерді пәтерлер бойынша үй қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері, тұрғын инспекциясы және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп шешуді тапсырды.

Жиналыста қоқыс шығару және жолдарды тазарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ғалым Әшімов, Теміртау қаласының әкімі: «Басты міндетіміз – жүретін жолды ашу. Жол қозғалысы қамтамасыз етілуде. Әрине, жол тазалаушыларға айтар өтінішім – кіреберістерді тазалаған кезде, қайта келіп, қайта тазалаңыздар. Мен мұны өзім білемін, қалада жүріп, қарап отырамын. Ал аялдамалар тазаланбайды дегенге келіспеймін. Аялдамалар тазаланып жатыр. Мен алғашқы қар жауғаннан бері осы жердемін. Өзім бақылап, тапсырмалар беріп жүрмін. Бірақ кіреберістердің тазаланбайтынын ескертіп айтқанмын. Қайтыңдар, кіреберістерді тазалаңдар».

Кездесуде сондай-ақ Соцқаладағы жаңа су құбырына қосылу, жарамсыз кәріз жүйесі және басқа да мәселелер көтерілді. Барлық айтылған мәселелер әкімнің жеке бақылауына алынды.