Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын ескертті
Қомақты қаржыдан айырылып, алаяқтардың құрбанына айналмас үшін не істеу керек? Теміртау қаласының полициясы киберқауіпсіздік туралы ескерту жасады.
Киберқылмыс – қазіргі заманғы алаяқтықтың бір түрі. Мұндайда қаскөйлерге құрбанмен тікелей байланысқа шығу қажет емес – тек телефон нөмірін білсе жеткілікті. Теміртау қалалық Полиция басқармасында арнайы бөлім бар, ол киберқылмыстардың жолын кесуге бағытталған. 13-15 мамыр аралығында қала аумағында кибералаяқтық деректерінің алдын алуға арналған жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Полиция капитаны Баймұхамед Тамен теміртаулықтарды қаржылық тұзаққа түсіп қалмаудың жолдарымен таныстырды
Баймұхамед Тамен, киберқылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі: «Қазіргі таңда ең кең тараған алаяқтық түрі – инвестиция түріндегі алаяқтық. Яғни, алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен белгілі тұлғалардың қатысуымен бейнероликтер жасап, азаматтарды “ҚазАтомПром”, “КазПрофит”, “ҚазМұнайГаз” секілді компанияларға ақша салуға шақырады».
Алайда алаяқтардың арасында жасанды интеллектке жүгінбей-ақ, тек телефон нөмірі мен сенімді аңыз арқылы әрекет ететіндері де бар.
Баймұхамед Тамен, киберқылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:
«Келесі бір кең таралған әдіс – Beeline, Activ, Tele2 секілді ұялы байланыс операторлары атынан қоңырау шалу. Олар “SIM-картаңыздың мерзімі өтіп кетті, оны қайта рәсімдеу қажет” деп алдайды».
Кибералаяқтар курьерлік қызмет атынан да хабарласуы мүмкін, мысалы, маркетплейстен келген сәлемдемеңіз туралы немесе поштаға келген хат жайлы айтып, сізден код сұрайды. Сәлден соң басқа нөмірден қайта қоңырау шалып, сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатқанын айтып, банк картаңыздың деректерін сұрайды. Егер сеніп қалсаңыз – шотыңыздағы барлық ақша алаяқтардың қолына өтеді. Бұдан бөлек, емхана қызметкеріміз деп жазылуыңызды растауды сұрауы немесе коммуналдық қызмет өкіліміз деп, есептегіштерді ауыстыру жайлы хабар беруі мүмкін. Тағы да код сұралады. Мұндай жағдайда шұғыл әрекет ету қажет.
Баймұхамед Тамен, киберқылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:
«Ең алдымен, сабыр сақтап, банктың жедел желісіне өзіңіз қоңырау шалып, карталарыңыз бен шоттарыңызды бұғаттап, дереу полицияға жүгініңіз. Сонымен қатар, egov порталында несие рәсімдеуден өз еркіңізбен бас тартуға болады. Бұл тіпті алаяқтардың құрбаны болсаңыз да, ақшаңызды сақтап қалуға көмектеседі».
Киберқылмыспен күрес алаяқтықты алдын алумен айналысады – интернет кеңістігін бақылап, кейде алаяқтардың өздеріне де шығып, оларды анықтайды. Әрине, тұрғындарға алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат беру – басты профилактикалық бағыттардың бірі.
Комментарии